Abstract:
Мақала Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің мемлекеттік тілдегі мəтінін реформалау тақырыбына арналған. Тақырыптың өзектілігі аталмыш кодекстің қазақ тіліндегі мəтінінде көптеген нормалар оның орыс тіліндегі мағынасына сəйкес болмағандықтан, тəжірибеде оны пайдалануда едəуір проблемаларға əкеп соғатынымен жəне мұндай қателіктердің жүйелі кемшіліктерге айналуымен негізделеді. Құқықтық нормалар құрылымы кемшіліктерінің жүйелік сипаты олардың көптігімен; екі тілдегі мəтіндерде белгілі құқықтық терминдер мен институттарды қолдану кезінде теңтүпнұсқалық қағидатының бұзылуымен; көптеген логикалық, стилистикалық қателіктермен жəне құқықтық техниканың олқылықтарымен айқындалады. Мақаланың зерттеу пəні ретінде отандық Азаматтық кодекстің мемлекеттік тілдегі мəтінінде көп жылдар бойы тұрақты түрде қате қалыптасқан құқықтық нормалар мен институттар алынған. Зерттеу мақсаты - Азаматтық кодекстің мемлекеттік тілдегі мəтініндегі қателіктерді жүйелендіру, заң шығарушының еркін бұрмалайтын, құқықтық нормалар мен институттардың мағынасын жоғалтуына алып келетін, оларды дұрыс түсіну мүмкіндігінен айыратын жəне осы заңнамалық актінің нормаларын тиімді қолдануға кедергі болатын кемшіліктерін анықтап, оларды түзету жолдарын қарастыру. Мақаланы жазу барысында жүйелі-құрылымдық талдау əдісі, салыстырмалы-құқықтық, формальды-құқықтық əдістер, логикалық жəне семантикалық талдаулар, модельдеу əдісі қолданылған. Сыни талдау нəтижелері бойынша автор Азаматтық кодекстің мемлекеттік тілдегі мəтініндегі жүйелі олқылықтардың бірталайын анықтап, оларды зерделеп, қате қалыптасқан құқықтық нормалар мен институттар мəтіндерінің нақты редакцияларын ұсынады. Жұмыс М.С. Нəрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Құқық жоғары мектебінің «Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын реформалау» ғылыми бағытын іске асыру аясында орындалған.