Аннотация:
Ғылыми мақала тақырыбының өзектілігі: Мақала еңбек құқығы және әлеуметтік қамсыздандыру құқығының дамуына үлес қосқан белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің кафедра меңгерушісі, «Құқық және мемлекет» журналының редакция алқасының мүшесі, 2020 жылы 70 жасқа толған Аманжол Мағзұмұлы Нұрмағамбетовке арналған. Аманжол Мағзұмұлының еңбектері толық зерттелмегендігі мақаланың ғылыми жаңалығы болмақ, ал басты мақсаты профессордың ғылыми шығармашылығы, жаңашылдығы мен көрегендігі, Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі туралы ашып көрсету. Мұнда ғалымның еңбек құқығы саласындағы ғылыми туындыларын зерттеу барысында тарихи, догматикалық, биографиялық әдістері, талдау және синтездеу тәсілдері орнымен қолданылған. Құқықтық саясатқа, еңбек туралы заңнама нормаларына және бүгінгі күні қолданыстағы консенсусқа қатысты ғылыми-практикалық түсіндірмелердің құндылығы көрсетілген. Автор ғалымның еңбек құқығы ғылымының дамуына қосқан елеулі үлесі туралы тұжырымға келеді. Профессор «Еңбек нарығы: құқықтық мәселелер және перспективалар» монографиясын, «Право социального обеспечения Республики Казахстан» оқулығын, «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» ҚР Заңына түсініктеме (бірлескен авторлықта), Қазақстан Республикасының Конституциясына ғылыми-практикалық ұсыныс (бірлескен авторлықта), еңбек заңнамасы мен еңбек көші-қонының өзекті мәселелері бойынша 150-ден астам ғылыми мақалалар жазды. Көрнекті ғалым және конституциялық, еңбек құқығы саласынының маманы, монографиялардың, заңнамаларға пікірлердің, көптеген ғылыми мақалалардың авторы, патриот, философ, кең көзқарасты адам ретінде А.М. Нұрмағамбетов ғылыми кадрлардың (аспиранттар мен докторанттар) және жас мамандардың (студенттер мен магистранттар) бірнеше буынын дайындауға елеулі үлес қосты. Ғалым Қазақстанның заң білімінің мақтанышы, болашақ өскелең ұрпақ үшін жоғары үлгі тұтар тұлға болып табылады.