Abstract:
Мақалада цифрлық ортаға көшумен байланысты ақпараттық технологиялардың көмегімен орын алған қоғамдық қатынастарды сотта дəлелдеу мəселесі қарастырылады. Соттарда күннен күнге дəлелдеменің қағаз жеткізгіштен гөрі, электронды түрін, атап айтқанда аудио-бейне жазбаны, скриншотты ұсыну жағдайлары жиі орын алуда. Аталған дəлелдемелердің іске қатыстылығы жəне жарамдылығына байланысты елімізде сот тəжірибесі бірізді қалыптаспай отыр. 2020 жылғы 30 қазанда бейне-конференция форматында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Жоғарғы соттар төрағаларының XV кеңесінде онлайн-соттар мен интернет сот төрелігін дамытудың маңызы жаңа деңгейге шығып отырғаны талқыланды. Сонымен қатар, цифрлық экономика мен электрондық сауданың мүмкіндіктері ескеріле отырып, қазіргі интернет арқылы орын алып жатқан қоғамдық қарым-қатынастарды реттеудің құқықтық тетігін жандандыру жəне мүше мемлекеттер арасында өзара тəжірибе алмасу мəселелері қарастырылды. Бұл мəселенің əлемдік деңгейде көтерілуі мақала тақырыбының өзектілігін көрсетеді. Мақаланың негізгі мақсаты – сот ісін жүргізуде дəлелдемелерді электронды түрде ұсынуға жəне бағалауға байланысты мəселелерді түсіндіретін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының қажеттілігін көрсету. Мақаланың жаңашылдығы – азаматтық сот ісін жүргізудегі электрондық дəлелдемелер мəселесінің негізгі қырларын айқындайтын алғашқы жұмыстардың бірі болуында. Мақала отандық жəне шетелдік заңнама мен сот тəжірибесіне салыстырмалы-құқықтық талдау, логикалық талдау жəне құқықтық модельдеу əдістерін қолдану арқылы жазылған. Сот тəжірибесін талдай отырып, автор электрондық дəлелдемелер заңнамалық деңгейде толық реттелмеген жəне жеткілікті дəрежеде зерттелмеген деген қорытындыға келеді. Жүргізілген зерттеу жұмысының нəтижесі ретінде автор сот ісін жүргізудің бірізділігін қамтамасыз ететін арнайы нормативтік қаулыда қаралауы керек сұрақтарды ұсынады.