Abstract:
Мақалада атақты ағылшын заңгер ғалымы Альберт Венн Дайсидің (Albert Venn Dicey) «Rule of law» («Құқық үстемдігі») тұжырымдамасы жайындағы ойлары қарастырылады. А.В. Дайси «құқық үстемдігі» тұжырымдамасын алғаш рет XIX ғасырдың екінші жартысында негіздеген. Дайсидің «құқық үстемдігі» тұжырымдамасының үш ерекшелігі бөліп қарастырылады. Біріншіден, «құқық үстемдігі» – дискрециялық билікке қарама-қайшы келетін жəне мемлекеттік биліктің əлімжеттілігінің, айрықша өкілеттіктерінің немесе тіпті кең өкілеттіктерінің болуын жоққа шығаратын жалпы құқықтың өктемдігі немесе үстемдігі. Екіншіден, «құқық үстемдігі» заң алдындағы теңдікті немесе елдегі барлық таптардың соттар қолданатын жалпы құқыққа бірдей бағынуын білдіреді. Үшіншіден, Англияда нормалар мен конституциялық құқық адам құқықтарының қайнар көзі емес, керісінше, соттар анықтаған жəне қолданған адамдардың құқықтарының салдары болып табылады. Сонымен қатар, мақалада «құқық үстемдігі» тұжырымдамасының негізін қалаудағы жəне жетілдірудегі ағылшын соттарының рөлі мен орны атап өтіліп, Британия конституциясының кейбір негізгі қағидаттарының мəнін ашуға əрекет жасалады.